СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!
Ресей Украинаға басып кірді
Әлемдік лидерлердің соғысты болдырмауға қанша тырысқандарына қарамастан, 2022 жылдың 24 ақпан күні таң ата Ресей әскері Украинаға басып кірді. Бұл жағдай әлемдік ахуалға қалай әсер етуі мүмкін? Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерреш бірнеше күн бұрын: “Әскери қақтығыстың кесірінен қаншама адам қасіретке қалып, қандай зақым келетінін, оның Еуропа мен әлемнің қауіпсіздігіне тигізер зиянын елестету мүмкін емес”,— деген еді.
Киелі кітапқа сай осындай оқиғалардың мәні неде?
Иса Мәсіх “ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанатынын” алдын ала айтып кеткен (Матай 24:7). Исаның айтқан осы пайғамбарлығы бүгінде қалай орындалып жатқаны туралы “Соңғы күндердің” яки ақырзаманның белгісі қандай?” деген мақаладан оқып көріңіз.
Киелі кітаптың Аян кітабында соғыс “оттай қызыл” атқа мінген салт атты ретінде бейнеленген. Оған “жер бетінен тыныштықты жою билігі берілген” (Аян 6:4). Бұл пайғамбарлықтың бүгінгі таңда болып жатқан соғыстарға қандай қатысы бар екенін білу үшін “Атқа қонған төртеу: ол кімдер?” деген мақаланы оқып көріңіз.
Киелі кітаптың Даниял кітабында “солтүстік патшасы” мен “оңтүстік патшасының” текетіресетіні алдын ала пайғамбарлық етілген (Даниял 11:25—45). Ресей мен оның одақтастарын неге “солтүстік патша” деп айтуға болады? Мұны білу үшін “Даниял кітабының 11-тарауындағы орындалған пайғамбарлық” деген видеоны қараңыз a.
Сондай-ақ Аян кітабында “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғыс” жайлы айтылған (Аян 16:14, 16). Алайда бұл бүгінде біз көріп жүрген ұлттар арасындағы соғыс емес. Болашақта болатын сол оқиға жайлы көбірек білу үшін “Армагеддон соғысы деген не?” деген мақаланы оқып көріңіз.
Болашаққа неге үмітпен қарасақ болады?
Киелі кітапта Құдайдың “күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтататыны” айтылған (Зәбүр 46:9). Болашақта орындалатын Құдайдың уәделері жайлы көбірек білу үшін “Жарқын болашаққа жарық үміт” деген мақаланы оқыңыз.
Иса шәкірттеріне Құдай Патшалығының келуін сұрап дұға етуді үйреткен (Матай 6:9, 10). Бұл Патшалық — Құдайдың жерге қатысты ниетін жүзеге асыратын көктегі үкімет. Ал Құдайдың ниетіне бүкіләлемдік бейбітшілік те кіреді. Осы үкіметтің сізге қандай игілік әкелетінін “Құдай Патшалығы деген не?” деп аталатын видеодан көріңіз.
Украинада 129 000 астам Ехоба куәгері тұрады. Басқа елдегі Куәгерлер сияқты олар да Исаға еліктеп саяси бейтараптық сақтайды және соғысқа қатыспайды (Жохан 18:36). Дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері “Патшалық жайлы ізгі хабарды” уағыздайды (Матай 24:14). Себебі осы Патшалық қана адамзаттың бүкіл проблемаларын шешеді, соғыстарды да тоқтатады. Киелі кітаптағы үміт жайлы көбірек білгіңіз келсе, бізбен байланыссаңыз болады.
a Осы пайғамбарлықты тыңғылықты қарастыру үшін “Ақырғы уақыттағы “солтүстік патшасы” және “Бүгінде “солтүстік патшасы” кім?” деген мақалаларды оқып көріңіз.