СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!
Соғыс қашан тоқтайды? Бұл туралы Киелі кітапта не делінген?
2024 жылдың 13 сәуірінде Иранның Израильге жасаған тікелей шабуылына қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш былай деді: “Қазір мейлінше жағдайды ушықтырмай, қауіпті азайту керек. Қазір — барынша сабыр сақтайтын уақыт”.
Таяу Шығыстағы соғыс бүкіл дүниеде болып жатқан соғыстардың бірі ғана.
“Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұншалықты көп қақтығыстар болмаған. Соғыстардың зардабын 2 миллиард адам, яғни бүкіл адамзаттың төрттен бір бөлігі тартып жатыр” (Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі, 26 қаңтар, 2023 жыл).
Қанды қақтығыстар Израиль, Газа, Сирия, Әзірбайжан, Украина, Судан, Эфиопия, Нигер, Мьянма мен Гаитиде болып жатыр a.
Соғыстар қашан тоқтайды? Әлемдік көшбасшылар бейбітшілік орната ала ма? Бұл туралы Киелі кітапта не делінген?
Соғыс жайлаған дүние
Бүгінде болып жатқан қақтығыстарға қарап, жақын арада барлық соғыстардың тоқтайтынын түсінеміз. Себебі Киелі кітапта біз өмір сүріп жатқан кезеңде соғыстар болатыны алдын ала айтылған. Киелі кітапта біздің күндер “заманның аяқталып қалған” уақыты деп аталған (Матай 24:3).
“Жақын маңдағы және алыстағы соғыстар туралы естисіңдер... Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады” (Матай 24:6, 7).
Бүгіндегі соғыстардың Киелі кітапта алдын ала айтылғаны жайлы көбірек білу үшін “Ақырзаманның белгісі қандай?” деген мақаланы оқып көріңіз.
Соғыстарды тоқтататын соғыс
Киелі кітапта адамдар арасындағы қақтығыстардың тоқтайтыны да айтылған. Бұл қалай болмақ? Соғыстарды үкіметтер емес, “Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні болатын соғыс”, яғни Армагеддон соғысы тоқтатады (Аян 16:14, 16). Бұл соғыс арқылы Құдай мәңгілік тыныштық орнатамын деген уәдесін орындайды (Зәбүр 37:10, 11, 29).
Соғыстарды тоқтататын Құдайдың соғысы жайлы көбірек білу үшін “Армагеддон соғысы деген не?” мақаласын оқыңыз.
a ACLED Conflict Index, “Ranking violent conflict levels across the world”, қаңтар, 2024