Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!

Босқындар дағдарысы: Миллиондаған адам Украинадан қашуда

Босқындар дағдарысы: Миллиондаған адам Украинадан қашуда

 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей әскері Украинаға басып кірді. Нәтижесінде миллиондаған адамның өміріне қауіп төніп, олар елден тез арада кетуге бел буды a.

 “Бомбалар түсіп, жарылыстар болып жатты. Қаншалықты қорыққанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Адамдардың пойыз арқылы эвакуацияланып жатқанын естігенде, біз де қашуды ұйғардық. Өміріміз қыл үстінде тұрғандықтан бар дүниемізді тастап, әрқайсысымыз бір ғана сөмкемен шықтық. Оның ішінде тек құжаттарымыз, дәрі-дәрмектер, су мен азғантай тамақ болды. Теміржол вокзалына бара жатқан кезде бомбалар жан-жағымызда әлі де жарылып жатқан еді” (Наталья, Харьков қаласы, Украина).

 “Біз соңына дейін соғыс болмайды деп ойладық. Бірақ қаламызда жарылыстардың даусы естіліп, олардың дүрсілінен тереземіз дірілдеп жатты. Мен тек қажетті нәрселерді алып, қаша жөнелдім. Ол кезде таңғы сағат сегіз еді. Сөйтіп, мен пойызбен Львовқа дейін жетіп алдым, әрі қарай автобуспен Польшаға жол тарттым” (Надя, Харьков қаласы, Украина).

Бұл мақаладан мынаны білеміз:

 Босқындар дағдарысының түпкі себебі неде?

 Украинадағы осы босқындар дағдарысы Ресей елге басып кіргенде басталды. Алайда Киелі кітапта бұндай дағдарыстардың түпкі себебі жазылған:

  •   Жер бетіндегі үкіметтер адамзаттың қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр. Үкімет басындағылар көп жағдайда өз билігін халыққа өктемдік ету үшін пайдаланады (Уағыздаушы 4:1; 8:9).

  •   “Осы дүниенің билеушісі” Шайтан Ібіліс адамзатқа жаман жағынан қатты әсер етеді. Киелі кітапта: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде,”— делінген (Жохан 14:30; Жоханның 1-хаты 5:19).

  •   Ғасырлар бойы адамдар қиындықтан көз ашпай келеді. Алайда біз өмір сүріп жатқан заман жайында Киелі кітапта былай делінген: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болады” (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бұған қоса, соңғы күндері соғыстар, табиғи апаттар, ашаршылық пен індеттер болатыны айтылған. Осы жағдайлардың кесірінен адамдар үйлерін тастап, бассауғалауға мәжбүр болып жатады (Лұқа 21:10, 11).

 Босқындар үшін үміт бар ма?

 Киелі кітапқа сай, біздің Жаратушымыз Ехоба b босқындар мен үйлерінен кетуге мәжбүр болған адамдарды жақсы көреді әрі оларға жаны ашиды (Мұсаның 5-жазбасы 10:18). Ол босқындардың барлық қиындықтарын Құдай Патшалығы деп аталатын көктегі үкіметі арқылы шешуді уәде етеді. Бұл үкімет жердегі үкіметтерді алмастырады (Даниял 2:44; Матай 6:10). Сондай-ақ Ехоба осы Патшалығы арқылы Шайтан Ібілісті жояды (Римдіктерге 16:20). Бұл Патшалық бүкіл жер бетіне билік ететін жалғыз үкімет болмақ. Сол кезде ұлт-ұлтқа бөліну, шегара деген атымен болмайды. Күллі адамзат дүниежүзілік бір отбасы болады. Бұдан былай ешбір жан үйін тастауға мәжбүр болмайды, себебі Киелі кітапта мынадай уәде жазылған: “Әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, Ешкім де оларды қорқытпайды, Өйткені бұл — Әскербасы Ехобаның аузынан шыққан сөз” (Миха 4:4).

 Тек Құдай Патшалығы ғана босқындар дағдарысын біржолата тоқтата алады. Ехоба өз Патшалығы арқылы адамдарды қашуға мәжбүр ететін проблемаларды жояды. Сол проблемалардың кейбірі:

 Киелі кітаптың бүгінде оларға пайдасы бар ма?

 Әлбетте! Киелі кітап босқындарға болашаққа үміт берумен қатар, қазіргі қиындықтарын да жеңуге көмектеседі.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15).

 Мағынасы: Қандай қауіпті жағдайларға кезігуіңіз мүмкін екенін және сол кезде қалай қорғанатыныңыз жайлы ойланыңыз. Қылмыскерлерден сақ болыңыз. Олар босқындардың жаңа жерді білмейтінін, өздерін сенімсіз сезінетінін білгендіктен, оларды пайдаланып кетуі мүмкін.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік” (Тімөтеге 1-хат 6:8).

 Мағынасы: Материалдық нәрселерді көп ойлай бермеңіз. Қолда барды қанағат етсеңіз, бақыттырақ боласыз.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Олай болса, барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Матай 7:12).

 Мағынасы: Шыдамды да мейірімді болыңыз. Осы қасиеттердің арқасында сіз барған жеріңізде адамдармен тіл табысып, жаңа ортаға тез сіңісіп кете аласыз.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар” (Римдіктерге 12:17).

 Мағынасы: Біреуден жапа шегіп жатсаңыз, ашуға булығып кек алмаңыз. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын” (Філіпіліктерге 4:13).

 Мағынасы: Құдай өміріңізден маңызды орын алсын, оған дұға етіңіз. Ол сізге қиындықтарды көтеруге күш береді.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).

 Мағынасы: Қандай жағдайға кезікпеңіз, Құдайдан жан тыныштығын сұраңыз. “Філіпіліктерге 4:6, 7. “Еш нәрсені уайымдамаңдар” (ор.) деген мақаланы қараңыз.

a Бұл жағдайдан кейін бір күн өткен соң Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары төтенше жағдайдың ең жоғарғы деңгейге жеткенін мәлімдеді. Небәрі 12 күннің ішінде 2 миллионнан аса адам Украинадан көрші елдерге босып кетті. Тағы 1 миллионы үйлерін тастап, Украинаның басқа жерлеріне кетуге мәжбүр болды.

b Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.