Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай құлағы естімейтіндердің қамын ойлайды

Құдай құлағы естімейтіндердің қамын ойлайды

 Бүгінде дүниежүзі бойынша құлағы естімейтін адамдардың саны шамамен 70 миллион болса, олар араласа алатын 200-ден аса ым тілі бар. Өкінішке қарай, кұлағы естімейтіндер жиі өзгелердің тарапынан әділетсіздікке кезігеді. Келесі мәлімдемелерге сай:

  •   “Қай елде болмасын, құлағы естімейтіндер мен құлағы нашар еститіндердің құқықтары жиі елеусіз қалып жатады” (Құрама Штаттардағы құлағы естімейтіндердің ұлттық қоғамы).

  •   “Дамып жатқан елдерде құлағы естімейтіндер өте кедей адамдардың қатарына жатады. Мұндай елдерде оларға білім алу және жұмысқа орналасу қиынның қиыны” (Құлағы естімейтіндердің дүниежүзілік федерациясы).

 Құдай құлағы естімейтіндерге қалай қарайды? Киелі кітапта олар жайлы не делінген? Ехоба куәгерлері осындай адамдарға көмектесу үшін не істеуде?

Құлағы естімейтіндерге Құдайдың көзқарасы

 Киелі кітапта Ехоба a Құдай құлағы естімейтін жандардың қамын ойлайтыны жазылған. Ол өзгелердің мұндай жандарды шеттеткенін қаламайды. Әрі өзі беріп жатқан білімнің пайдасын олар да көрсе екен дейді.

 Киелі кітап тармағы: “Керең адамды қарғамаңдар” (Мұсаның 3-жазбасы 19:14).

 Мағынасы: Ехобаның ежелгі исраилдіктерге берген Заңында құлағы естімейтіндердің құқықтары қорғалатын.

 Киелі кітап тармағы: “Құдай ешкімді алаламайды” (Елшілердің істері 10:34).

 Мағынасы: Құдай мәдениеті мен тілі әртүрлі адамдардың, соның ішінде құлағы естімейтіндердің де қамын ойлайды.

 Киелі кітап тармағы: “Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралай жүріп... Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздады” (Матай 9:35).

 Мағынасы: Иса жер бетіне келіп, адамдарды Құдай Патшалығы жайлы үйретті. Бұл Патшалықтың барлық адамдар үшін, оның ішінде құлағы естімейтіндер үшін не істейтінін айтты.

 Киелі кітап тармағы: Иса “саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін етті” (Марқа 7:37).

 Мағынасы: Иса керемет жасап, саңыраулар мен мылқауларды емдеді. Осылай болашақта Патшалықтың не істейтінін көрсетті. Бір жолы Иса құлағы естімейтін бір адамды емдемей тұрып не істегелі жатқанын ымдап көрсетті (Марқа 7:31—35).

 Киелі кітап тармағы: “Саңыраулардың құлақтары ашылады” (Ишая 35:5).

 Мағынасы: Ехоба саңыраулар еститін болады деп уәде етеді (Ишая 29:18).

Ехоба куәгерлері құлағы естімейтіндерге қалай көмектесуде?

 Ехоба куәгерлері үміт сыйлайтын хабарды дүниенің әр түкпірінде тұратын құлағы естімейтін адамдарға айтып жүр. Біз мұны қалай істеп жүрміз? Бұл үшін Киелі кітап пен тәлім берерлік видеоларды жүздеген ым тілінде шығарамыз. Сонымен қатар Киелі кітап зерттеу сабақтары мен қауым кездесулерін де ым тілінде өткіземіз. Құдайды тапқысы келетін адамдарың барлығы мұның бәрін тегін ала алады. Неге? Себебі Иса: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер”,— деп айтқан болатын (Матай 10:8).

 Сіз бұл материалдардың барлығына онлайн қол жеткізе аласыз немесе келесі жерлерден жүктей аласыз:

 JW.ORG. Сайттың кез келген бетінде жоғарғы жақта Тіл батырмасы бар. Соны басып, тізімнен өзіңізге керек ым тілін таңдаңыз.

 JW Library Sign Language қосымшасы. Осы қосымшаны өз құрылғыңызға орнатыңыз. Ол жерден сіз ым тіліндегі видеоларды жүктей аласыз не көре аласыз.

Тәлім беруге арналған қандай құралдарымыз бар?

 Ым тіліндегі Киелі кітап. Америка ым тіліндегі (АЫТ) “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” — дүниедегі ең алғашқы ым тіліндегі Киелі кітаптың толық нұсқасы. Қазіргі таңда “Жаңа дүние аудармасының” толық не жартылай нұсқасы көптеген ым тілдерінде қолжетімді. Жыл сайын аудармалардың саны өсуде. (Тілдердің тізімін және ым тіліндегі Киелі кітапты онлайн оқи алу үшін “ Киелі кітаптың ым тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы” деген қоршауды қараңыз).

  •  АЫТ “Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасы қолжетімді” (ор.) деген видеоны көріп, Киелі кітапты ым тілінде шығару үшін қандай жұмыс атқарылатынын біліңіз.

  •   JW Library Sign Language қосымшасын жүктеп, Киелі кітапты оқыңыз. Бұл қосымшада сіз өзіңізге керек кез келген тармақты таңдай аласыз.

  •   Дмитро мен Вита құлағы естімейтін ата-ана, ал олардың балалары естиді. Олардың отбасы Киелі кітапты күнде ым тілінде оқып, соның қандай пайдасын көріп жүргенін біліңіз.

 Киелі кітапты түсінуге көмектесетін видеолар. Ехоба куәгерлері ым тілінде Киелі кітапты түсіндіретін, ондағы құнды кеңестерді қолдануға көмектесетін видеоларды шығарады. Оның пайдасын көп адам көріп жүр, мысалы...

 Киелі кітап курсы. Киелі кітап курсын сіз жеке тәлімгеріңізбен және өз қарқыныңызбен өте аласыз. Бұл курстың қалай өтетінін көргіңіз келсе, сайтымыз арқылы өтініш жіберіңіз.

 Джейсон Сенахонон Филиппинде тұрады. Киелі кітап курсы оған Құдайға жақындауға қалай көмектескенін көріңіз.

 Марио Антунез Гондураста шіркеу пасторы болған. Ол Киелі кітаптан өзін мазалап жүрген сұрақтарына қалай жауап тапқанын “Жауаптарымнан гөрі сұрақтарым көп болды” деген өмірбаянында айтып береді.

 Кездесулеріміз бен жиындарымыз. Бізде дүниежүзі бойынша ым тіліндегі қауымдар мен топтар бар. Құлағы естімейтін адамдар апта сайын сол жерде Киелі кітапқа негізделген тәлім алып, ғибадат ете алады. Бұған қоса, жыл сайын ым тілінде өтетін үлкен жиындар да өткіземіз. Кездесулеріміз бен жиындарымызда құлағы да естімейтін, көзі де көрмейтіндер үшін тактильді аударма жасалады. Сондай-ақ Брайль қарпіндегі әдебиеттер де тегін беріледі.

 Хосе Луис Айала Мексикада тұрады. Оның туылғаннан құлағы естімейді, ал кейін көзі де көрмей қалған. Жақсы Киелі кітап тәлімгері болу үшін басқалар оған қалай көмектескенін біліңіз.

a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.