Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

МӘСІХШІЛІК ӨМІРІМІЗ

“Алдымен бауырласыңмен татулас”. Қалай?

“Алдымен бауырласыңмен татулас”. Қалай?

Бір сәтке өзіңізді Исаның замандасымын деп елестетіңізші. Ғалилеяда тұрасыз. Күркелер мейрамын тойлау үшін Иерусалимге қарай жол тарттыңыз. Сөйтіп, қалаға келіп жеткенде, оның іші жан-жақтан келген ғибадат етушілерге толы екенін көресіз. Қала ығы-жығы болып жатыр. Сіз Ехобаға сый-тартуыңызды бергіңіз келді. Содан ешкіңізді сүйреп, жұрт қаумалаған қаланың тар көшелерімен ғибадатханаға қарай бет алдыңыз. Сол жерге жеткенде, ғибадатхана құрбандық ұсынғысы келген басқа да адамдарға лық толы екен. Жұртпен бірге кезекке тұрасыз. Ақыры, кезегіңіз жетіп, діни қызметкерге ешкіңізді тапсыратын кез келді. Тап сол сәтте бір бауырласыңыздың сізге реніші бар екені есіңізге сап етеді. Ал оның қайда екенін білмейсіз, сіз тұрған кезектің арасында ма, я қаланың бір жерінде ме — бұл белгісіз. Осындайда не істеу керектігін Иса түсіндіріп кетті (Матай 5:24 оқыңыз). Исаның нұсқауына сай, сіз және ренжіген бауырлас қалай татуласа аласыздар? Төмендегі қоршаулардағы дұрыс жауапты тауып, белгілеп қойыңыз.

СІЗДІҢ ӘРЕКЕТІҢІЗ:

  • Бауырласыңыздың ренжуіне келелі себеп болса ғана онымен сөйлесуіңіз керек

  • Сіздің ойыңызша, бауырласыңыз тым сезімтал болса не оның да кінәсі болса, көзқарасын түзетуіңіз керек

  • Бауырласыңыздың ой-сезімін мұқият тыңдауыңыз керек. Тіпті толық түсінбесеңіз де, сезіміне тиіп кеткеніңіз үшін я әдейі істемеген әрекетіңіздің салдары үшін шын жүректен кешірім сұрайсыз

БАУЫРЛАСЫҢЫЗДЫҢ ӘРЕКЕТІ:

  • Сіздің қалай ренжіткеніңізді ол қауымдағы басқа бауырластарға айтып, олардан қолдау іздеу керек

  • Сізді жерден алып жерге салуы керек, әрбір олқылығыңызды айтып, кінәңізді мойындатқызу керек

  • Өзімен әңгімелесу үшін сіздің танытқан кішіпейілділігіңіз бен батылдығыңызды бағалау керек, сосын шын жүректен кешіру керек

Бүгінде біздің ғибадатымыз құрбандыққа мал шалуды талап етпейді. Десе де Иса бауырласымызбен тату болу мен Құдайға ұнамды ғибадат етудің арасында байланыс бар екенін қалай көрсетті?